Тоқаев: Жасанды интеллектіні дамыту – еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұны елімізде жүргізіліп жатқан цифрлық бетбұрыстың негізгі шарты десек болады.
«Біз қазірдің өзінде «AI-Sana» оқыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жобаның мақсаты – студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдысын жетілдіру. Бұл бағдарламаның ауқымын барынша кеңейте түскен абзал. Ұстаздар мен оқушылардың жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – тиісті министрліктің алдында тұрған маңызды міндет», – деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы инвестиция мен дарын иелеріне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.
«Өткен жылы жасанды интеллект саласындағы стартаптарға дүние жүзі бойынша 100 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Бұл – әлемдегі венчурлық қаражаттың үштен бір бөлігінен асып түседі. 2023 жылмен салыстырғанда ЖИ жобаларын қаржыландыру шамамен 80 пайызға артты. Осылайша жасанды интеллект саласындағы таланттар мен идеяларға бәсеке күрт өсті. Бүгінде негізгі инвестиция ағынын АҚШ, Еуропа Одағы елдері және Қытай қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл қаржы қалыптасқан экожүйе бар жерге бағытталады. Яғни инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қолдауға, нарықты реттеуге және дамытуға жұмсалады. Ақша жағдай жасалған жерге келеді. Бір ай бұрын мен ЖИ саласындағы бірқатар қазақстандық стартаппен таныстым. Олардың кейбірі әлемдік деңгейге шыға алады. Дарынды жастарымыздың бар екені қуантады. Олардың біразы шетелде жұмыс істесе де, отаншылдық сезімін жоғалтпаған. Мемлекет мұндай талант иелерін қолдауға міндетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке отандық стартаптардың экспортқа шығуына қолдау көрсету үшін кешенді шаралар әзірлеу, сондай-ақ «цифрлық елшілер» институтын қайта қарау міндетін жүктеді.
«Біздің міндетіміз – қарым-қабілеті жоғары жастарға қолайлы инновациялық экожүйе қалыптастыру. Жалпы айтқанда, оларға барлық жағдайды жасау, қол ұшын беру. Сондай-ақ тың бастамаларды жедел жүзеге асыруға ықпал ететін құрылымдар мен зерттеу орталықтарын ашу керек. Цифрлық технология саласындағы халықаралық байланыстарды нығайта түскен жөн. Сонда ғана Қазақстан Еуразияның цифрлық хабы ретінде танылмақ. Жасанды интеллектіні дамыту – еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Бұл міндет Қазақстанның болашағымен тікелей байланысты. Еліміз міндетті түрде озық, дамыған болуы қажет. Сондықтан бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Бүгінгі жиында бірқатар маңызды міндеттерді айқындадық. Барлық мемлекеттік органдар мен мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа жеке сектор өкілдерін де қосу керек. Себебі, бұл – жалпыұлттық мақсат. Цифрлық даму министрлігі басты үйлестіруші орган ретінде өзара байланысты қамтамасыз етуге тиіс. Уақыт өте тығыз, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Жасанды интеллектіге қатысты негізгі шешімдер мен ұсыныстарды екі айдың ішінде дайындап, маған көрсету қажет», – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.