Тамара Дүйсенова медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еліміздің медицина қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
-->
18 маусымда Медицина қызметкерлері күнін атап өтеміз, мен сіздердің әрқайсыларыңызды осы төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бұл айтулы күні жанашырлықтарыңыз, мейірімділіктеріңіз, мыңдаған адамның өміріне араша болған жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғыс айтуға жақсы бір себеп. Сіздердің мамандықтарыңыз халық игілігі жолындағы жоғары қызметтің жарқын көрінісі.
Ежелден бері дәрігер мамандығы құрметті және қастерлі, себебі әрбір азамат ақ халатты абзал жандарға әрқашан өзінің және жақындарының ең құнды байлығы – денсаулығын сеніп тапсырады. Мұқтаж адамдарға көмек көрсету, денсаулықты сақтау, өмірді құтқару, үміттерге сәуле сыйлау, яғни өзінің бар саналы ғұмырын мерейлі мамандыққа, медицинаға арнау – гуманизмді, үлкен жауапкершілікті, тіпті керек десеңіз ерлікті қажет ететін ерекше кәсіп.
Қазіргі заманғы медицина – бұл ғылымды талап ететін жоғары технологиялық сала. Осы ретте, аса күрделі заманауи техника дәрігерлерге түрлі сырқаттарды тиімді әрі тез емдеуге, науқастарды жылдам аяққа тұрғызуға көмектеседі. Мұның барлығы, әрине, медицина қызметкерлерінен кәсіби біліктілікті, өз мамандығына адалдықты, ерен еңбекті, үнемі жетілдіру мен ұдайы дамуды талап етеді. Бірақ ешқандай инновациялық технологиялар, дәрі-дәрмектер мен заманауи құрылғылар емделушіге медицина қызметкерлерінің шынайы жан жылуын алмастыра алмасы анық. Бұл сырқаттанған адамдарға аурумен күресуге көмектесетін адамгершілік, рухани жомарттық, шыдамдылық, шексіз мейірімділік, тыңдау қабілеті сияқты ең жақсы адами қасиеттер.
Қымбатты әріптестер, сіздерге қажымас қайрат, сарқылмас күш-қуат тілеймін, сонда ғана сіздер өздеріңіздің асыл миссияларыңызды жалғастырып, адамдарға денсаулық пен бақыт сыйлайсыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз әрқашан жоғары әрі лайықты бағаланып, әрдайым алғыс пен құрметке ие болуларыңызға тілекшімін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! – делінген Тамара Дүйсенованың үндеуінде.