«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы инклюзивті эко-жобаны жүзеге асырып жатыр
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік гранты аясында Қостанай қаласының тұрғыны Ольга Соловьёва «Растём вместе» атты бірегей білім беру жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл жоба — мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған инклюзивті эко-жылыжай. Мұнда балалар көкөністер мен гүлдерді өсіруді үйреніп, табиғи кезеңдерді бақылайды. Осылайша қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, оны қорғау секілді көзқарас қалыптастырады.
Жоба тек бау-бақша шаруашылығын үйретіп қана қоймай, сондай-ақ эмоциялық интеллектіні, экологиялық сананы, жауапкершілік пен топтық жұмысты дамытуға бағытталған.
«Ольга Соловьева - «Волонтерлік» бағыты бойынша 2024 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауының жеңімпаздарының бірі. Мемлекеттік қолдау мөлшері 3 млн теңгені құрады. Қазір жобаның авторы өз идеясын іске асырудың бастапқы кезеңінде», - делінген хабарламада.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалып келеді.