Әлеумет

Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет – депутат

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға ақылы автотұрақтар мен бейнебақылау камераларының мәселесіне қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz AMANAT партиясына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар бастапқыда тек орталық және іскерлік аудандарда енгізіледі деп жоспарланғанымен, қазір бүкіл қаланы қамтып, тұрғындар үшін күрделі мәселеге айналған. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларынан түсетін айыппұлдар мен оның пайдасын иемденетін жеке компаниялар мәселесі де назар аударуды талап етеді.

«Ақылы автотұрақтардың негізінде халыққа қолжетімділік пен жайлылық қамтамасыз етіледі деп сендірген болатын. Алайда қазір ақылы тұрақтар іскерлік аудандармен ғана шектелмей, тіпті әлеуметтік орындар мен тұрғын үйлердің аумағына да орнатылып, халықтың қалтасына ауырлық түсіріп отыр. Оған қоса, төлем жүргізілмеген жағдайда салынатын 10 мың теңгеден асатын айыппұлдар халықтың наразылығын тудыруда. Бұл халықты қолдау емес, қанау» – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат халықтың жағдайын ескере отырып, бірқатар ұсыныстарды атап өтті. Олар: ақылы автотұрақтарды тек іскерлік аудандарда қалдыру, қоғамдық орындар мен тұрғын үй кешендерінде алып тастау, автотұрақтарға жауапты мемлекеттік оператор құру, ақысыз тұру уақытын 30 минутқа дейін ұлғайту және бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту. Депутат бейнебақылау камераларына да мемлекеттік бақылау қажеттігін айтып, қазіргі мемлекет пен жеке меншік секторы арасындағы келісімдерді қайта қарауды ұсынды.