Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысына бақылау жүргізіліп жатыр
Елімізде көктемгі су тасқынынан кейін тұрғын үй мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz AMANAT партиясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Республика бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтіп, баспанасыз қалған отбасыларға арналған 8,5 мыңнан аса жеке үй мен екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алынды. Зардап шеккен аймақтардағы қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала қорытындылары AMANAT партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында талқыланды.
AMANAT партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында су тасқынына қарсы жұмыстарға саяси партиялардың қосқан үлесін жоғары бағалағанын еске салды. Су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы болып көмек көрсетуге AMANAT партиясы атсалысып, барлық ресурстарды, соның ішінде депутаттық корпус, партия жақтастары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділерін жұмылдырған болатын. Атап айтқанда, партияның бастамасымен және қолдауымен Атырау қаласында ұзындығы 20 шақырымнан асатын су тасқынына қарсы дамба салынды.
«Біз республикалық және аймақтық штабтарды құрдық, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырып, оған мыңдаған волонтерлер мен партия мүшелерін тарттық. Нәтижесінде, су басқан өңірлерге шамамен 4 мың тонна азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар, құрылыс материалдары және басқа да қажетті заттар жіберілді. «Жастар Рухы» белсенділері мен еріктілерінің көмегін ерекше атап өткен жөн: олар 4 мыңнан астам адамды дамба орнатуға, тұрғындарға ыстық тамақ ұйымдастыруға және су басқан аймақтардан эвакуациялауға атсалысты. Су тасқыны кезінде біз тұрғындармен кездескенде, олардың көпшілігі жатақханалар мен эвакуациялық пункттерге орналастырылған болатын. Енді жағдай жақсарып, зардап шеккендер өз үйлерін алуда», – деді ол.
AMANAT-тың сайлауалды бағдарламасында 52 гидротехникалық кешенді жөндеу, қайта құру және салу жұмыстары көзделген.