Әлеумет

Қазақстанда отбасы саны азайып, қажетті техника саны көбейіп келеді - статистика

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы үй шаруашылығының орташа мөлшері осымен екінші жыл қатарынан 3,3 адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіш осыған дейін 11 жыл бойы 3,4 болған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өңірлік бөліністе 2025 жылы үй шаруашылығының ең көп мөлшері Түркістан облысында байқалды: 5,2 адам. Одан кейінгі көш басында Қызылорда (4,7 адам) және Маңғыстау (4,3 адам) облыстары келеді. Үй шаруашылықтарының ең аз орташа мөлшері Шығыс Қазақстан (2,4 адам) және Солтүстік Қазақстан (2,5 адам) облыстарында тіркелген.

Қазақстандық үй шаруашылықтарының орташа мөлшері жер-жерде айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, ауылдарда бір үй шаруашылығы 2025 жылы орта есеппен 3,9 адамнан тұрады, ал оған дейін үш жыл қатарынан ондағы үй шаруашылықтарының орташа мөлшері 4 адамды құраған. Қалалық жерлерде үй шаруашылықтары бір жыл бұрынғы орта есепке тең, яғни 3 адамнан тұрады.

2025 жылы ұзақ мерзімді тауарлардың ішінен ҚР үй шаруашылықтары тек ұялы телефондармен 100% қамтамасыз етілген. Салыстырмалы түрде қарағанда 2022 жылы бұл көрсеткіш 99,5% болған. Сондай-ақ барлық жерде дерлік үй шаруашылықтары тоңазытқыштармен және теледидарлармен қамтамасыз етілген: әр санатта 99,5%. Сонымен қатар тоңазытқыштармен қамтамасыз ету 2022 жылмен салыстырғанда өссе, теледидармен қамтамасыз ету, керісінше, төмендеген.

Үй шаруашылығында кір жуғыш машиналармен (98,9%), шаңсорғыштармен (96%) және микротолқынды пештермен (86,2%) қамтамасыз етілген көрсеткіштің жоғары екені байқалады. 2025 жылы үй шаруашылықтарында мұздатқыштармен 46,8%-ы ғана қамтамасыз етілген, дегенмен 2022 жылмен салыстырғанда (32,9%) айтарлықтай өсім тіркелген. Ал жүк көлігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 2022 жылы 1,6% болса, биыл бұл 1,8%-ға өскен.

Қазақстандық отбасылардың компьютерлермен және ноутбуктермен қамтамасыз етілу көрсеткіші де өсіпті. Мәселен, компьютері бар үй шаруашылықтарының үлесі 2022 жылы 52,3% болса, 2025 жылы 55,8%-ға дейін ұлғайған. Өңірлерде компьютерлермен немесе ноутбуктермен қамтамасыз етілген ең жоғары көрсеткіш Алматыда (76,4%) тіркелген. Одан кейін Шығыс Қазақстан (73,4%) және Павлодар (67%) облыстары келеді. Ең төмен көрсеткіштер Жетісу (37,7%), Қызылорда (39,6%) және Атырау (39,8%) облыстарында байқалады.

Жеңіл автокөліктермен қамтамасыз ету көрсеткіші өзгермеген, бұрынғыша 33,7%. Бұл көрсеткіште өңірлер бойынша Маңғыстау облысында 26%-дан Түркістан облысында 45,7%-ға дейін өзгерген. Автокөлігі бар үй шаруашылықтарының үлесі Жетісу (43%) және Ақмола (42%) облыстарында да айтарлықтай байқалады. Ең төмен көрсеткіштер Шымкентте (27,3%), Қызылорда облысында (27,5%) және Алматыда (27,8%) тіркелген.