Әскердегі сарбаздар мектептегі ұстаздары және оқушылармен тілдесті
Құрлық әскерлерінің елордалық 68665 әскери бөлімінде Қызылорда, Қарағанды, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларының мектептерімен телекөпір ұйымдастырылды. Бұл білім ордаларында бір кездері қазіргі сарбаздар оқыған болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Онлайн-кездесуге ұстаздар, сарбаздардың туыстары және оқушылар қосылды. Әскери қызметшілер әскердегі күнделікті өмірі, жауынгерлік даярлығы және Отан алдындағы борышын өтеген жастар үшін берілетін мүмкіндіктер жайлы айтты. Кейбір сарбаздар әскери қызметті өз өмірлік жолы ретінде таңдап, неге осындай шешім қабылдағандарын бөлісті.
- Үш жыл бұрын дәл осы сыныпта партада отырған едім. Экраннан ұстаздарымды, анамды, інім мен қарындасымды көргенде ерекше толқыдым. Бүгінгі өмірім қатаң тәртіпке бағынады, мен Отан қорғаушы мәртебесіне сай болуға тырысамын. Менің қалыптасуыма үлкен еңбек сіңірген мұғалімдерімді әрқашан жылы сезіммен еске аламын, – деді Жетісу облысы Сарқан ауданының тумасы, қатардағы жауынгер Санжар Серғазин.
Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс, әскери білім және ғылым департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты.
- Бұл – осындай ауқымды онлайн-кездесуді өткізудегі алғашқы тәжірибеміз. Телекөпірге алты мектеп қатысты. Алдағы уақытта мұндай жобаларды еліміздің барлық гарнизондарында жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері, полковник Талғат Құлманов.
Мұндай бастамалар жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеуге, әскери қызметке оң көзқарас қалыптастыруға және мектеп оқушылары мен сарбаздар арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етеді.