Әлеумет

Өскеменде салынатын жаңа жылу орталығының пайдасы қандай, зияны бар ма

Өскеменнің дами түсуіне қолбайлау болып тұрған жылу энергиясының тапшылығы мәселесін шешу үшін қалада жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланып отыр. Алайда бұл шешімді жөнсіз деп санайтындар да бар. Kazinform шенеуніктер мен оларға қарсы тараптың пікірлерін саралап көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа ЖЭО не үшін қажет ?

Өскеменде жылу тапшылығының қос бүйірден қысып бара жатқанына бірнеше жыл болды. Екі жылу электр орталығы және сегіз орталықтандырылған қазандық (жалпы қуаттылығы 1002 Гкал/сағ) болғанына қарамастан, тапшылық 262,6 Гкал/сағ құрайды. Тіпті 2020 жылдан бастап қалада жылу жүйесіне қосылуға техникалық шарттар беруге мораторий енгізілген.

- Бұл қадам жылу тапшылығынан жаңа нысандардың қажетті жылумен қамтамасыз етілмейтіндігіне байланысты жасалды. Бүгінде 292 Гкал/сағ деңгейінде қосу үшін берілген техникалық шарттар жарамды. Ал 296 Гкал/сағ болса онда жылуға қосылуға ресми түрде рұқсат жоқ. Қосылудың мүмкін еместігін түсінгендердің көбі өтініш беруді де қойды, - дейді ШҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Жылу қуатының тапшылығы жаңа тұрғын үйлер салуға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға кедергі болып тұр. Бұл шаһардың экономикалық дамуын да айтарлықтай шектеп, инвестиция тарту жағын да ақсатады. Сөйтіп, облыс билігі бұл тығырықтан шығудың жолы - жаңа жылу электр орталығын салу деген байламға келген.

Экологиялық қауіп-қатер

Десе де бұл жобаға түгел дерлік оң қабақ таныта қоймады. Сарапшылар онсыз да ауа сапасы оңбай тұрған қаланың экологиялық жағдайы тіптен ушығуы мүмкін деп алаңдайды. Таулардың тасасында тұрған Өскеменді желсіз күндері газ тұмшалап алады. Қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатын мұндай күндер бір жылда 120-дан астам рет болады.

Ауаға тарайтын қаладағы барлық өнеркәсіптік шығарындылардың үштен бір бөлігі жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарына тиесілі. Сондықтан экологтар жылу тапшылығы мәселесін басқалай шешу керек деп есептейді.

- Жаңа жылу жобасын қолға алу керек деп жатсақ, тым болмаса ЖЭО емес, қазандық салу керек. Өскемендегі электр энергиясы қазірдің өзінде су электр станциясы мен жұмыс істеп тұрған «Өскемен» мен «Согринск» ЖЭО-ларынан келеді. Осы орталықтардың қуаттылығын азайтқан жағдайда ғана жаңа ЖЭО салуға болады. Бірақ бұл нұсқаны ешкім қарастырып та жатқан жоқ. Керісінше, жылу желісіндегі қазандықтың қуатын арттыра түсу көзделіп отыр. Сонда біздің ауа не болмақ? Оның үстіне жылу электр орталықтарына деген экологиялық талаптар өте төмен. Кезінде осы саладағы адамдар өз мүдделері үшін лоббиге барған, - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Дәулет Асанов.

Оның айтуынша, көмірмен жұмыс істейтін тағы бір ЖЭО құрылысы Қазақстан қол қойған көміртегі бейтараптығы тұжырымдамасына қайшы келеді.

Ал қала тұрғындарының пікірі екіге жарылған.

- 20-шы шағын ауданда тұрамыз. Бізде орталықтандырылған жылу жоқ. Сондықтан пеш жағып отырмыз. Жаңа жылу электр орталығы салынса онда жүгіміз жеңілдер еді, - дейді Әлия Тілеухан.

- Егер билік қазандықтардың қуатын арттырайын деп отырса, онда жаңа ЖЭО салудың қажеті қанша? Онсыз да Өскемен көшелерінде дем алу мүмкін емес! Одан да құбырларға жаңа сүзгілер орнатып, экологияны жақсартса жөн болар еді, - дейді Алексей Ивашов.

Қорқуға негіз бар ма ?

Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жаңа ЖЭО бірінші санаттағы нысан мәртебесіне ие болатындығын алға тартты. Сол үшін оны Экологиялық кодекстің заманауи талаптарына сай, озық технологияларды пайдалана отырып жобалайды. Тіпті жылу электр орталығы ауаға тарайтын зиянды заттардың азаюына сеп болмақ.

- Халыққа жұмыс барысының ашықтығын көрсету үшін жобалаудың әр кезеңінде қоғамдық тыңдаулар өтеді. Жаңа ЖЭО-ның басты артықшылығы – оның құрылысы жалпы қуаттылығы 192,6 Гкал/сағ болатын бес ескі қазандықты істен шығаруға мүмкіндік береді. Осылайша, ауаға тарайтын шығарындылар азырақ болады. Болжам бойында жылына 13 мың тоннаға жуық, яғни қазіргі шығарындылар көлемінің 30 пайызы азаяды, - дейді басқарма басшысы Нұрлан Рамазанов.

Бұдан бөлек, 15 мың жер үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне көшіру жоспарланып отыр. Бұл қоршаған ортаға пеш жаққан кезде тарайтын газдарды азайтпақ.

- Жалпы, қаланы жылытқан кезде жыл сайын 43,2 мың тонна шығарынды ауаға тарайды. Оның 20,6 мың тоннасы - жылу көздерінен, 22,6 мың тоннасы - жер үйлерден. Барлығы 27 855 үй пеш жағады. Ал олардың 15 мыңын орталықтандырылған жылуға қосу қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуда жақсы нәтиже береді, - деп мәлім етті қала әкімдігінен.

ЖЭО салынса жылу бағасы азаяды

Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасынан жылу электр орталығының басқа да артықшылықтарына тоқталып өтті. ЖЭО-ның қазандықтардан айырмашылығы онда жылу мен электр энергиясын біріктіріп өндіру (когенерация) принципі қолданылады. Бұл әдіс тиімдірек.

- ЖЭО-да электр энергиясын өндіру – орталықтың тиімділігін арттыратын қосымша мүмкіндік. Осы тәсіл жылу өндірісінің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді. Өйткені отын шығындары энергияның екі түрі арасында бөлінеді. Бұл қазандықтардағы жылу тарифіне қарағанда 2 есе арзанға шығады, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, ЖЭО жылу энергиясының тапшылығын жауып қана қоймай, болашаққа қор қалыптастырады.

Орталық қайда орып теппек ?

Болашақ ЖЭО-ның орналасатын жерін таңдау да маңызды шаруа. Жылу тапшылығы әсіресе Өскеменнің сол жағалауында асқынып тұр. Себебі сол жақта құрылыс қарқыны жоғары. Орталық осы маңда орын тебеді деп жоспарланған. Бірақ қаланың өзінде емес.

- Жылу электр орталығы Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданында салынады. Зиянды шығарындылардың көлемін азайтуға көмектесетін технологиялар қолданылады. Жел жағын да ескердік, - деген еді брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Түйін

Қазір жоба толықтай мақұлданған жоқ. Сондықтан үкім шығаруға әлі ерте. Бір жағынан Өскеменге жаңа сенімді жылу көзі керек. Екінші тұрғыда экологтар бұл қадамға барудан бас тартып, басқа нұсқаларды ұсынып отыр. Жобаның қабылдану-қабылданбауына қоғам пікірінің басты әсер болары сөзсіз.