Әлеумет

Шымкентте су жаңа үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақыраған

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алғандар баспаналарына кіруге қорқып жүр. Тұран-2 ықшам ауданындағы тоғыз қабатты екі үй бірер апта бұрын ғана «Отбасы банк» арқылы пәтер кезегінде тұрғындарға үлестірілген. Бірақ ипотека рәсімдеген жұрт қарыздан құтылғанша, баспанамыз құлап қала ма деп қорқады. Себебі су жаңа үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғалары қақырап тұр.  Бұл туралы Elordainfo.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Ал үйді қабылдап алған шенеуніктер кемшілік көп екенін айтса да, «алаңдауға негіз жоқ» деп отыр.

Тұран-2 ықшам ауданындағы тоғыз қабатты қос үй үш жыл бұрын берілуі керек еді. Бірақ, біріншіден, құрылысы созылып, кейін осыдан пәтер алуы керек тұрғындар бас тартып, үш жыл бойы бос тұрып қалған. Жуырда осы баспанларды «Отбасы банкі» арқылы мүгедектер мен көпбалалы отбасыларға үлестірген. Бірақ тұрғындар ұзақ күткен баспанасына «бас сұға сала, шошыдық» дейді.

«Ешқандай не жоқ, міне, бәрі жұлынып тұр. Есік-терезе жабылмайды. Қанша ақшаға алып отырмыз, міне, 14 жыл төлеймін осыны. Мынаның бәрі жұлынып кеткен, барлығы сондай, асты ашық, міне. Жүгіріп өтіп кетесің, астынан», - дейді тұрғындардың бірі.

Жаңа пәтерлерге мердігер ең арзан құрылыс материалдарын қолданып, қисайған қабырғаларды сапасыз түсқағазбен жапсырған дейді тұрғындар. Түсқағазды ұстаса, жыртылып жатыр. Мұндай көрініс әр пәтерге тән. Бұл үйден пәтер алғандар «күн сайын таңғалудан жалықпаймыз» дейді. Себебі, әр адым сайын тосынсый күтіп тұр. Мәселен, жатын бөлменің терезесі ашылса, жабылуы қиын. Ал жылу батареялары жаңа түскен келіндей сәлем салады. Негізінен мүгедектер алған тоғыз қабатты үйдің әлі жеделсатысы да қосылмаған. Қазірдің өзінде үйдің іргетасы ажырап жатқанын байқауға болады. Сыртындағы қасбеті де қабыршақтанып, күшті жел тұрса, ұшып кетуі мүмкін.

«Төлеп бітеміз дегенше, қирап болады бұл үй. Білмейміз, қалай тұратынымызды, қорқынышты. Жарық қосып алған едік, ұзартқыш жанып кетті. Суды қоссаң, суымыз ағып кетіп жатыр, тоқтамай кетіп жатыр. Жертөледе су, масаға толып тұр», - деді Гүлзипа Батырбекова.

Тұрғындардың шақыртуымен келген әкімдік өкілдері пәтерлерді аралап, қираған тұсын қолмен ұстап көрген еді. Сапасыз құрылыстың кем-кетігінен басын шайқап, «үйді салған бірінші —мердігер бәріне кінәлі» дейді. Сондықтан құрылысты екінші мердігерге тапсырыпты. Сызаттар мен қираған тұсын енді солар реттейді дейді жауаптылар.

 «Тұрғындарға қауіпсіз. Ол сызат кішкентай. Үйдің өзі монолит, қаңқалы. Біз айтып жатқанымыз, ол бөлме арасындағы сылақ, газоблокта болып жатқан сызат. Ол ештеңе қылмайды», -дейді Шымкент құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.

Енді жаңа келген мердігер қос үйдегі 108 пәтерлерді аралап, ақау актісін түзейді. Сөйтіп, берілмей жатып алқам-салқамы шыққан баспаналарға бес жыл бойы қызмет көрсетуі керек.