Шығармашыл жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша конкурстың басталғанын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау.
2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.
Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
• «Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
• «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
• «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
• «Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
• «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
• «Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (бұл ретте, осы жылдың 18 тамызы күні сағат 00:00-ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com электронды поштасы арқылы жүзеге асырылады.
Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-12-78, 8 706-618-07-23 (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін).
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде):
• 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім (PDF форматы);
• 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы (word форматы);
• Жоба бойынша бейнематериал (60 секундтан аспайтын) немесе презентация (10 слайдтан аспайтын);
• 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы (word форматы);
• Зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса, PDF форматы);
• Жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі (PDF форматы).