Әлеумет

Сарбаз аналары комитетінің өкілеті кеңейеді

Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Хайруллинамен кездесіп, ұйымның өкілеттігін кеңейтудің маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында қорғаныс ведомствосының басшысы жастар әскерге шақырылғаннан бастап запасқа шығарылғанға дейінгі қызметтің барлық кезеңінде қолдау көрсетіп келе жатқан ұйыммен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

«Біз комитеттің өкілеттігін кеңейтуге дайынбыз, сондай-ақ ұйым өкілдерін шақыру науқанына белсенді қатысқанын қалаймыз. Сіздер үшін әскери бөлімдердің ғана емес, әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарын хабардар ету үшін барлық әскерге шақыру пунктерінің есігі ашық болады»,-  деді Руслан Жақсылықов.

Лилия Хайруллина өз кезегінде әскерге шақыру процесін және әскери қызметшілермен өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар армия мен қоғам арасындағы сенімді қалыптастырудың маңыздылығын да атап өтті.

«Қарулы күштермен, басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен арадағы өзара іс-қимылымыздың мақсаты – әскерді қоғамға барынша ашық ету, ата-аналардың сенімін қалыптастыру және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің туындаған күрделі мәселелерін шешуге көмектесу», - деді ол.

Еліміздің барлық өңірінде тіркелген «Аналар жүрегі» ұйымы белсенді жұмыс істеп келеді. Ұйым сарбаздарға қолдау көрсетіп, олардың қызмет ету жағдайын тексеріп, әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етеді.