Әлеумет

Президенттік жастар кадр резервіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталды

1 маусымда басталған Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеуге еліміздің жас мамандары жоғары қызығушылық танытты. Бір айда жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтында 31 859 адам тіркеліп, оның ішінде 7 436 кандидат іріктеудің келесі кезеңіне жолданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, кандидаттардың орташа жасы 31-де, ал орташа еңбек өтілі 8,9 жылды құрады. Бұл ретте кандидаттардың 34,2%-ында басқару тәжірибесі бар.

Қатысушылардың географиясы елдің барлық аймақтарын қамтыған. Өтінімдердің ең көп саны Астана қаласынан (1 840 немесе 24,8%), Түркістан облысынан (553 немесе 7,4%), Алматы қаласынан (490 немесе 6,6%), сондай-ақ Қызылорда (420 немесе 5,7%) және Жамбыл (402 немесе 5,4%) облыстарынан келіп түсті.

Кандидаттар мемлекеттік қызмет (4 147 немесе 55,8%) пен өзге салаларды (3 289 немесе 44,2%) қоса алғанда, кәсіби қызметтің әртүрлі салаларынан құралып отыр.

Кандидаттар арасында 4 741 адам бакалавриат деңгейінде жоғары білімге, 2 550 адам магистрант, 145 адам доктор дәрежесіне ие.

Сондай-ақ кандидаттар арасында 863 шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері, 306 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, 238 Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар.

Іріктеудің келесі кезеңіне жіберілген кандидаттар 2025 жылғы 15 шілде сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуге жазылуы қажет.

Жазылу мүмкіндігі өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама алған сәттен бастап қолжетімді.

Қатысушы жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтындағы жеке кабинетінде ұсынылған уақыттардың ішінен тестілеу өтетін уақытын таңдауы керек.