Әлеумет

Пойызда қандай заттарды алып жүруге болмайды?

«Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол көлігінде тасымалдауға тыйым салынған заттар туралы жолаушыларға еске салады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қауіпті және тыйым салынған заттарды пойызға алып өту әрекеті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған орай компания жолаушыларға сапарға шығар алдында алып жүруге тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала мұқият танысу қажеттігін қатаң түрде ескертеді.

Пойызға қандай заттарды алып өтуге болмайды?

● Жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар;

● Радиоактивті және есірткі заттары, тез тұтанатын сұйықтықтар мен заттар, оның ішінде бензин, метил эфирі, метанол;

● Жанғыш қатты заттар;

● Сұйық немесе қатты күйдегі улы, күшті әсері бар улы заттар;

● Жұқпалы немесе биологиялық қауіпті материалдар, құрамында осындай залалы бар заттар мен бұйымдар;

● Атыс қаруының барлық түрлері, оның ішінде лақтыру, электрлік, механикалық қарулар, аралас, ұңғысыз травматикалық, газды, соққылау-ұсақтау әрекетінің заттары, шашкалар, қылыштар, кескіштер, ятагандар, палаштар, шпагалар, түйрегіштер, қанжарлар, қылыш, шанышқы, кортиктер, стилеттер, кастеттер, сойылдар;

● Атыс және газ қаруларына арналған оқ-дәрілер, оның ішінде жауынгерлік, жарық-дыбыстық, травматикалық әсер ететін патрондар, бос, жарақталған аңшылық патрондар.

Сапар алдында жолаушылар вокзалдарда міндетті түрде қауіпсіздік тексеруінен өтеді. Бүгінде еліміздің ірі теміржол вокзалдары рентген-телевизиялық қондырғылармен, стационарлық және қол металл детекторларымен, сондай-ақ портативті анықтау құрылғыларымен толық жабдықталған. Сонымен қатар бейнебақылау, дабыл беру және күзет жүйелері үздіксіз жұмыс істейді. Жолаушылардың қауіпсіздігін тәулік бойы полиция қызметкерлері мен күзет ұйымдарының өкілдері қамтамасыз етеді.

Сапар кезінде де қауіпсіздік үнемі қатаң бақылауда. Пойыздарда орнатылған бейнебақылау жүйесі арқылы жүргізілетін жазбалар тек «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ситуациялық орталығының уәкілетті қызметкерлеріне ғана қолжетімді. Бақылау тәулік бойы жүзеге асырылады және вагондар, кіру-шығу есіктері мен жалпы қолданыстағы аймақтар арнайы камералармен толық қамтылған.

Бүгінгі таңда жоспарлы жұмыстар нәтижесінде «Тальго» пойыздарының 24 құрамында 1 350 бейнекамера іске қосылды, - делінген хабарламада.