Әлеумет

Полицейлер жүргізушілерді жолда абай болуға шақырады

Полицейлер көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ауа райының күрт ысуына байланысты полицейлер жүргізушілерге жолда абай болуға кеңес беруде. Атап айтсақ, Ақмола облыстық патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Астана – Қарағанды, Астана – Павлодар, сондай-ақ Астана – Қабанбай батыр – Теміртау автожолдарында арнайы профилактикалық іс-шара жүргізіп жатыр.

– Көлік жүргізіп келе жатып шаршау байқалса, ұйқы қысса, жол шетіне тоқтап, дем алып алған жөн. Жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі – басты құндылық. Күн қатты ыстық болғандықтан тәртіп сақшылары беті-қолды жууға немесе салқындап алу үшін суық су ұсынып жатыр, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы 1-взвод командирі Айбек Төлеубаев.

Полиция қызметкерлері өз кезегінде ел азаматтарына жолда көлік жүргізу кезінде тәртіпті сақтап, алыс сапарға шыққанда көліктің техникалық жай-күйін тексеруді ұсынады. Сонымен қатар өз денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізге жауапкершілікпен қарауға шақырады.

– Құрметті жүргізушілер, сіздерді үйде отбасыңыз күтіп отыр. Сондықтан да жол үстінде асықпай, шаршаған сәтте міндетті түрде тынығып алыңыздар. Полиция әрдайым халықпен бірге, – дейді Айбек Төлеубаев.