Павлодарда 700-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Павлодар облысында 743 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағыобъектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23206 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында 743 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 299 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау объектілері– 76;
- білім беру нысандары – 321;
- мәдениет нысандары – 42;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 173;
- спорт нысандары – 87;
- әлеуметтік қорғау объектілері – 12;
- сауда нысандары менойын-сауық орталықтары – 32.
«Біз, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, емханаларға еш қиындықсыз кіре алу өте маңызды. Қазір бұл шындыққа айналды – мысалы, біздің қалада №3 және №4 қалалық емханалар мен «Мойылды» шипажайы бейімделген», – деп Павлодар қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедектігі бар Ерлан Құрманғазин ойымен бөлісті.
Бұдан басқа, Павлодар облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 6 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 1 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 7 нұсқама енгізілді.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.