Отбасының цифрлық картасы: Биыл 210 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді
Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде биыл 482,4 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 210 мың адам пайдаланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінгі күнде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
«Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Мемлекеттік қолдау шараларын алатын кез келген адамға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек.
Айта кетейік, барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша сall-орталыққа хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.