Әлеумет

Олжас Бектенов Қосшы қаласының бас жоспарымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Қосшы қаласын дамытудың бас жоспарымен танысып, өңірде әлеуметтік инфрақұрылым құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Премьер-министрді өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардар етті.

Қазіргі уақытта қалада ресми түрде 59 мыңға жуық адам тұрады, бұл ретте бағалау деректері бойынша тұрғындардың нақты саны 100 мыңнан астам адамды құрайды. 30 мың тұрғынға есептелген инженерлік желілерге айтарлықтай үлкен жүктеме түсуде. Болжам бойынша, халық саны 2038 жылға қарай 150 мыңға дейін өседі.

Жаңа бас жоспар аумақты кеңейтуді, жаңартылған қызмет көрсету аймақтарына бөлуді, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Қосшы әкімі Азамат Қапышев Үкімет басшысына қаланың тұрғын үй қорын кеңейту, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар ашу, сауықтыру аймақтарын дамыту және тағы басқа да жоспарланған шаралар туралы баяндады.

Жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына 360 гектардан астам, жеке тұрғын үй құрылысына 900 гектардан астам жер телімі бөлінген. Сондай-ақ 2038 жылға дейін 31 балабақша, 16 жалпы орта мектеп, облыстық аурухана және 7 емхана салу жоспарланып отыр. 

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және қосымша қуаттарды құру мақсатында жаңа қазандық, қосалқы электр стансасы мен ЭБЖ, сумен жабдықтау, тазарту құрылыстары және басқа да нысандар салу көзделген. 2024 жылы «Сары-Арқа» магистралды газ құбыры арқылы қаланы көгілдір отынмен қамту жұмыстары басталып, 2026 жылы аяқталады. Бұдан басқа, өндірістік және коммуналдық кәсіпорындарға арналған алаңдар салынады. Өнеркәсіпті дамыту және қаланың солтүстік-батыс бөлігінде жаңа жұмыс орындарын құру үшін жалпы ауданы 264 га индустриялық аймақ ашу көзделген. Елордаға апаратын жол салу жоспарлануда.

Сонымен қатар саябақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған гүлзарларды абаттандыру, ойын және спорт нысандары бар балалардың ойын-сауық және демалыс саябағын ашу жоспарланған. Жасыл желектер отырғызуға бөлінген жалпы аумақ 132,5 гектарды құрайды. Әкімшілік ғимараттар, орталық стадион, мұз сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мәдениет үйлері, жаңа неке сарайы, оқушылар сарайы, театр, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін салу үшін аумақтар қарастырылған.

Күрделі мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінді. 

Атап айтқанда, Премьер-министр жаңа өрт сөндіру депосы құрылысының барысымен танысты. 4 жылдан кейін жұмыстың тек 60%-ы аяқталған. Алайда, мердігер ұйым қаржыландырудың жеткіліксіз екені туралы хабарлаған. Шарт бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған нысан құрылысына 1,2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Олжас Бектенов қосымша қаржы қарастырылмайтынын, қаражат тек ЖСҚ-ға енгізілген сома шегінде бөлінетінін баса айтты. Премьер-министр мердігерлік ұйымнан жақын арада жұмыстарды аяқтауды талап етті, орындалмаған жағдайда шарт бұзылады.

Сондай-ақ 537 үлескердің, оның ішінде «Сирень бағы» тұрғын үй кешенінің көпжылдық мәселесін шешу туралы баяндалды. Жаңа мердігер қала күніне орай 106 тұрғынға баспана кілті табысталады деп уәде беріп отыр, тағы 209 отбасы жақын арада көптен күткен жаңа үйлеріне қоныстанады. Өз кезегінде, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. 

Жұмыс сапары барысында Қосшыдағы көпсалалы аурухана құрылысына барған Олжас Бектенов өңірде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. 

350 орындық стационары және бір ауысымда 1 мың келушіге дейін қабылдай алатын емханасы бар медициналық мекеме қала және Ақмола облысының астана маңындағы жеті ауданы тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда Қосшы тұрғындарына мемлекеттік және жеке емханаларда ауысымына 250 келушіге дейін медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар соңғы 2 жылда тіркелген халық саны 24 мыңнан 42 мың адамға дейін өсті. Көпсалалы аурухананың құрылысы орын тапшылығы мәселесін шешеді. Мұнда хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, химиотерапия және басқа да бөлімшелер жұмыс істейді. Бұдан басқа, аумақта медицина қызметкерлеріне арналған екі көппәтерлі тұрғын үй және қала сыртынан келетін науқастарды орналастыру үшін пансионат құрылысы қарастырылған.

Нысан Viamedis компаниясының жеке инвестициясы есебінен 28 млрд теңгеден астам сомаға салынуда. Оның 9 млрд теңгеден астамы аурухананы Siemens неміс компаниясының заманауи медициналық жабдықтарымен қамтамасыз етуге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Премьер-министрге Viamedis ЖШС бас директоры Әсет Ахметов құрылыс-монтаждау жұмыстары мерзімінен бұрын жүргізіліп жатқанын баяндады. Жұмысқа барлығы 200-ге жуық адам жұмылдырылған, құрылыс материалдары негізінен отандық өндірушілерден сатып алынады. Емхана осы жылдың соңына дейін, стационар 2026 жылы ашылады деп жоспарланған. Медициналық жаңа мекеменің іске қосылуы 956 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың тұрмыс сапасына әсер ететін барлық мәселелерге назар аударуды тапсырды. Үкімет әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.