Қоғамда психикалық денсаулық жайлы ашық айту қажет - суицидолог
Астана қаласының психиатр-суицидолог маманы Лаура Жексембаева Қазақстанда соңғы жылдары жасөспірімдер мен ересектер арасындағы суицид жағдайлары жиілеп бара жатқанын мәлімдеді. Мамандар бұл мәселенің түпкі себептерін анықтап, алдын алу шараларын күшейту қажет екенін айтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Лаура Жексембаева келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда ресми көрсеткіштер бойынша ең қауіпті жас топтары — жасөспірімдер (15-19 жас), сондай-ақ 25-45 жас аралығындағы ересектер. Дәрігерлік практикада зейнетке шыққан адамдар арасында да суицид жиі тіркеледі. Ер адамдар арасында суицид деңгейі әйелдерге қарағанда 3-4 есе жоғары.
Суицидолог маманның айтуынша, суицидтік қадамға жиі баратын психикалық ауытқуы бар бала емес, ата-анасымен қарым-қатынасы, бауыр басуы бұзылған, өзін құнды сезінуінің, тұлға ретінде қалыптасу сатыларының дұрыс өтпеуі және эмоционалдық тұрақсыздық, әлеуметтік қысым салдарынан болады.
«Ал ересектерде аяқ астынан болатын өмірлік дағдарыстар, қаржылық қиындықтар, жалғыздық пен психикалық бұзылыстар — депрессия, ойынқұмарлық, нашақорлық — негізгі себептердің қатарында. Психологиялық тұрғыдан мұндай адамдарда өзін пайдасыз сезіну, болашаққа үмітсіз қарау, өмірді әділетсіз бағалау сияқты ойлар жиі кездеседі», — дейді маман.
Оның сөзінше, Астана қаласындағы соңғы 7 айдағы дерек бойынша жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің 51,5%-ы — отбасылық жанжалдың салдары. Құрдастармен жанжал — 13,1%, суицид қадамын жоққа шығару — 16,2%, себебі анықталмаған жағдайлар — 4%, психикалық бұзылыс — 4%, басқа себептер 11,1%-ды құрайды.
Оның айтуынша, ата-аналар мен мұғалімдер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде мән бермейді.
«Кейбір жасөспірімдер тұйықталып, бұрын қызығатын нәрселеріне қызығушылығын жоғалтып алады. Тағы ұйқы, тәбет бұзылыстары байқалуы мүмкін. Тіпті кей жағдайда бала суицид жоспарының бар екендігін айтуы мүмкін. Мұндай сигналдарды елемеу қауіпті. Бала өзін жалғыз сезінсе, тығырықтан шығу жолын көрмей қалады», — деп түсіндірді ол.
Суицидтік ойлар кейде ұзақ уақыт бойы жиналады, ал кейде күрт күйзелістен кейін бірден әрекетке ұласуы мүмкін. Көптеген жағдайда адам алдын ала белгі береді: өлім туралы жиі айту, қоштасу, жеке заттарын сыйлау, немқұрайлық көрсету.
Маманның пікірінше:
«Әлеуметтік желілердегі кибербуллинг пен салыстыру мәдениеті де балалардың психикасына қатты әсер етеді. Бәрі де баланың қандай контент қарайтынына байланысты. Жалпы әлеуметтік желінің оң және теріс әсері бар. Теріс әсер — қауіпті челлендждер, өзін-өзі зақымдау мен суицидті романтизациялау. Әсіресе өзін-өзі дұрыс сынай алмайтын кішкентай балалар немесе интеллект деңгейі төмен балалар челледжердің өмірге қауіптілігін бағалай алмау салдарынан жиі биіктіктен секіріп, немесе көліктің астына түсіп, т.с.с. қауіпті әрекеттер жасайды. Жағымды әсері: психологиялық көмек, мотивациялық контент және көмек іздеуге итермелеу», — дейді ол.
Мектеп психологтары — алғашқы психологиялық көмек көрсететін мамандар. Олар оқушының мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап, қажет болған жағдайда психиатрға жібереді. Дегенмен кей мектептерде маман саны жетіспейді, ал кәсіби дайындық деңгейін арттыру әлі де қажет.
Алдын алу үшін ата-аналар мен мұғалімдерге арналған тренингтер өткізу, мектептерде психологиялық қызметті күшейту, қоғамда психикалық денсаулық жайлы ашық айту, жедел психологиялық көмек орталықтарын дамыту маңызды.
Қалаларда психикалық денсаулық орталықтары, кризистік кабинеттер, сенім телефондары бар. Алайда ауылдық жерлерде кәсіби көмекке қолжетімділік шектеулі. Маманның айтуынша, ең ауыр сәттердің бірі — пациентке көмектескенімен, оның отбасындағы жағдайға әсер ете алмау, сондай-ақ ата-аналардың баласын психиатриялық емге жатқызудан үзілді-кесілді бас тартуы.
Сара Қамзаева