Министр қандай әлеуметтік көмек түрлері алынып тасталатыны туралы сұраққа жауап берді
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қандай әлеуметтік төлем түрлері қысқартылатынына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Elordainfo.kz тілшісі сауал қойды.
Министрдің сөзінше, алынып тасталатын көмек түрлері ішінде Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Спорт министрліктеріне қарасты бірнеше қолдау бар. Қаржы, Экономика министрліктерімен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бірге жұмыс тобында анализ жасап жатыр.
"Негізгі төлемдердің бірі - мүгедектіні бар баланы асырап отырған ата-анаға төленетін төлемдер бар. Осыны айтуға болады. "Неке және отбасы" кодексіне сәйкес, ата-ана баласын бағуға, оқытуға жауапты, бұл - ата-ананың міндеті. Ал біз оған мектепте оқытқан мұғалімге 1,5 есе тарифпен төлегенімізден бөлек, ата-анаға да төлеп отырмыз. Бұл - әділетсіздік. Сондықтан осындай әлеуметтік төлемдерді қысқартуды қарастырып отырмыз", - деді министр.