Әлеумет

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы жекешелендіру талаптары жеңілдетілді

21 қаңтарда «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына қол қойылды. Құжатқа сәйкес, енді мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіру талаптары жеңілдетілді. Бұл туралы Elordainfo.kz Астана қаласының Тұрғын үй орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаулыда сатып алу құқығынсыз жалға алынған тұрғын үйді және жалғыз әрі апаттық баспана болып танылған нысанды жекешелендіру құқығын беру көзделген.

Жекешелендірудің қолданыстағы тетіктеріне сәйкес азаматтар қалдық құны бойынша тұрғын үйді толық сатып ала алады немесе артық төлемсіз бөліп-бөліп төлей алады.

«Енгізілген өзгерістерге сәйкес, «бөліп төлеу» тетігін таңдау кезінде бастапқы жарна 30% - дан 10% - ға дейін төмендетілді, сондай-ақ қалдық құны 15 млн теңгеден асатын тұрғын үйлер үшін бөліп төлеу мерзімі 15 жылға дейін ұлғайтылды. Ереже алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді», - делінген хабарламада.