Әлеумет

Мәжіліс депутаты әлеуметтік педагогтердің жалақысын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, білім беру саласындағы әлеуметтік педагогтар мен шаруа қызметкерлерінің жалақы мәселесін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Қаңтар айында мектептерді аралап, ұстаздар қауымының мұңын тыңдаған депутат олардың еңбекақысының төмендігін атап өтіп, нақты шешімдер ұсынды.

«Әлеуметтік педагогтардың міндетіне зер салған адам олардың талабын тап басып түсінер еді. Бір маманның 1500-2000 оқушымен жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Бірақ осынша еңбегі үшін 118 мың теңге айлық алуы – әділетсіздік. Бұл мамандарды В2 блогына ауыстырсақ, жалақылары 150 мың теңгеге көтерілетін еді», – деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, әлеуметтік педагогтарды В2 блогына ауыстыру бастамасы әлі күнге дейін Үкімет тарапынан қолдау таппай отыр. Сонымен қатар мектептердегі техникалық қызметкерлердің жалақысының төмендігі де үлкен проблемаға айналған. Айлығы күнкөрісіне жетпейтін жандар қарызға батып, қиындықпен өмір сүруге мәжбүр.

Депутат Үкіметке жалақы теңсіздігін жою және тиісті қаулыға өзгерістер енгізу арқылы білім беру саласындағы әділеттілікті қамтамасыз ету қажеттігін ұсынды.