"Ажырасқандарға табыс салығын арттыру қажет": Мәжіліс депутаты ажырасуға мемлекеттік баж салуды ұсынды
Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров еліміздегі ажырасу мәселесі бойынша ұсыныс жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы – ажырасумен аяқталған. Оның сыртында бейресми ойраны шыққан отбасылар қаншама?! Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғыз басты отбасы кебін құшып отыр. Бұл не деген сұмдық?! «Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қиялмас. Екі жаман бас қосса, кең дүниеге сиялмас» дегендей біз осындай мүшкіл хәлге қалай жеттік? Ел басына күн туса «жаным арымның садағасы» деген намысты ерлеріміз қайда? Шаңырағының берекесі, отбасының ұйытқысы бола білген, әдебі алтын жіппен әдіптелген текті қыздарымыз қайда? Отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық»,- деді Ардақ Назаров.
Осы мәселеге қатысты депутат нақты ұсыныстарын жеткізді.
«Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын.
Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді»,- деді ол.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу қажет екенін айтты.
«Бағдарлама аясында некеге енді отырған жастарға алғашқы жылдары тұрғын үй алу, балалы болу, тұңғыштарын балабақшаға тегін орналастыру және тұрақты жұмысқа орналасу бойынша кешенді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ипотекалық жеңілдіктер, алғашқы баланың дүниеге келуіне байланысты арнайы жәрдемақылар, сондай-ақ салықтық демалыс сияқты жеңілдіктер көзделуі қажет. Бұл шаралар жас отбасылардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ажырасу қаупін азайтуға септігін тигізеді»,- деді Ардақ Назаров.
Мәжіліс депутаты үйлену тойларын өткізу кезінде несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық - идеологиялық науқан жүргізу қажет екенін атап өтті.
«Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктік несиелер алу жағдайлары жиі кездесуде. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты, Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын. Бұл бастамаға қоғам қайраткерлерін, дін өкілдерін, отандық медиа мен блогерлерді тарта отырып, «Қарапайым той – берекелі отбасы» ұранымен ұлттық деңгейдегі үндеу жариялау тиімді болар еді»,- деді ол.