Мүгедектікті анықтауға қатысты 86 мыңнан астам өтінім сырттай қаралды
2024 жылдың басынан бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 86 мыңнан астам өтінім қаралды. Бүгінде сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4%-ын құрайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.