«Мұғаліммін»: елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мектеп оқушыларына бағытталған алаяқтардың жаңа тәсілдеріне назар аударуды сұрайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жаңа оқу жылы басталғалы бері алаяқтар балаларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстыруда. «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды. Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, онлайн-банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді», - делінген хабарламада.
Есте сақтаңыздар: SMS-тегі кодтар – жеке мәлімет. Оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайды.
Баламен әңгімелескенде ерекше мән беретін жайттар:
- қандай жағдайда да SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу;
- қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкерімін десе де, бірден ата-анасына хабарласу;
- күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналар не істей алады:
- балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
- телефонға ата-ана бақылауын орнатып, беймәлім нөмірлерден келетін қоңырауларды қадағалау;
- балаңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, осы сынды жағдайды жасырмай айтуға болатынын сездіру.
Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 Байланыс орталығына хабарласуға болады.