Әлеумет

Енді елімізден Ұлыбританияға жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың құқықтары қорғалады

Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимылын реттейді.

Меморандумға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және шет елдер істері жөніндегі мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойған.

Құжат бойынша екі ел:

Ұлыбритания аумағында Қазақстан азаматтарын уақытша жұмысқа орналастыру шарттары мен рәсімдері туралы ақпарат алмасуға;

Қазақстан Республикасынан еңбек қызметі үшін Ұлыбританияға жұмыскерлерді жіберетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес олардың қызметін растауға;

Қазақстан азаматтарының Ұлыбритания аумағындағы еңбек қызметі кезеңінде, оның ішінде Тier-5 маусымдық жұмыс визасы (seasonal worker visa) шеңберінде еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастыққа;

Сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары және Қазақстан азаматтарының қажетті кәсіптік даярлығы туралы ақпарат алмасуға келісті.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, осы меморандумға қол қою Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып есептеледі.