Әлеуметтік қызметтер порталы: Биыл мүгедектігі бар адамдарға 467 мың қызмет көрсетілді
Жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 467,3 мың тапсырысы орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 345,8 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,5 мыңы ымдау тілі қызметін, 25,9 мыңы жеке көмекшінің, 87,1 мыңы санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алған.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінде порталда 629 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1045 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 751 ымдау тілі және 134 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығын, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.