Әлеумет

Әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау мақсатында 2 мыңнан астам тексеру жүргізілді

2024 жылдың басынан бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 344 тексеру жүргізді,деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.  

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 826 ұйғарым берілді, 199 млн теңгеден астам сомаға 798 айыппұл салынды.

Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 169, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 110, мемлекеттік мекемелер – 80, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 97, оңалту орталықтары – 6, ауруханалар, емханалар – 88, санаторийлер – 8, балабақшалар – 462, мектептер – 901, колледждер, лицейлер – 144, дүкендер – 18, сауда үйлері – 30, ДК – 51, мәдениет үйлері – 15, мұрағаттар, мұражайлар – 13, банктер – 6, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер – 25, нотариустар – 7, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция пункттері – 13, стомалогиялар – 3, автобус парктері, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 12, кітапханалар – 4, БЖСМ, спорт мектептері – 14 және басқалар қамтылды.

Мәселен, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамның өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша азық-түлік дүкеніне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектісі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.

Сонымен бірге өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің бейімделу іс-шараларын жүргізуде оң динамиканы атап өтті. 

Мүгедектігі бар Талғат Уаисовтың айтуынша, Ақмола облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай айтарлықтай жақсарған.

«Мүгедектігі бар азаматтар үшін объектілерге қолжетімділік жылдан жылға жақсарып келеді. Объект иелері мен кәсіпкерлердің мүгедектігі бар адамдар алдындағы жауапкершілігін сезінуі мен осы мәселеге айрықша көңіл бөлуі құптарлық жайт. Жаңа нысандар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді екенін, барлық санаттар үшін қолжетімділік көзделгенін, пандустар, баспалдақтардағы тұтқалар, тактильді құралдар, лифттер қарастырылғанын атап өткім келеді. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан объектілер де клиентке бағдарланған, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Биыл Көкшетаудың орталық базарында күрделі жөндеу жүргізілді, егер бұрын қолжетімділік шектелген болса, қазір біз оған да, оның ішінде екінші және үшінші қабаттарға еш кедергісіз кіре аламыз. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қолжетімділігіне ерекше разы болдық, пандустар ыңғайлы, есіктер кең, табалдырықтар жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайлар жасау тұрғысынан жасалатын жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр деп санаймын», – деп өз пікірімен бөлісті Талғат Уаисов.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді.