Әлеуметтік маңызы бар қандай азық-түлік өнімдері арзандады
Өткен аптада 8 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі арзандады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1-8 сәуір аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,2%-ды құрады.
Апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобы бойынша бағаның негізгі өсуі маусымдық көкөністерге байланысты болды. Атап айтқанда, қырыққабат – 6,8%, сәбіз бен пияз – 2,7%, картоп – 1,6% қымбаттаған. Сондай-ақ, қант – 0,7%, күнбағыс майы мен сиыр еті – 0,2%, тауық еті – 0,1% өскені тіркелді.
Ал әлеуметтік өнімнің 8 түрі бойынша баға арзандады. Олар, сүт – 0,5%, ұн мен айран – 0,4%, күріш, қарақұмық және жұмыртқа – 0,3%, сары май мен макарон – 0,2%.
«Көкөністер бағасының қазіргі өсуі маусымдық сипатқа ие, өйткені дәл осы кезеңде көкөністерге деген бағаның өсуі дәстүрлі түрде байқалады. Мұндай ауытқулар уақытша. Бағаның тұрақтылығын сақтау және ішкі нарықты қолжетімді көкөністермен қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ Экспресс» АҚ-ның ұйымдастыруымен Қытай мен Пәкістаннан шамамен 15 мың тонна картоп әкелінді. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасынан қырыққабат жеткізіліп жатыр - жыл басынан бері 3 000 тонна қырыққабат импортталды. Қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар көкөністермен нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- делінген хабарламада.