Әлеумет

Ләйлә Сұлтанқызы: Елордада жоспарлы газдандыру жұмысы жалғасып жатыр

Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін газбен жабдықтаудың маңызы зор. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Осы бағытта Астана қаласы әкімдігі бүгінде газдандырудың екі кезегінің құрылысын аяқтады. Елорда мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы Астананы газдандырудың жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәслихат депутаты тұрғын алаптарды газбен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Елордада жоспарлы газдандыру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Астана қаласы әкімдігі «Алматы» ауданының бірқатар тұрғын алаптарын және «Есіл» мен «Нұра» аудандарындағы бірнеше тұрғын үй кешенін газға қосты. «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық» шағын аудандарында екі газдандыру желісінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар «Үркер» тұрғын алабында 2024 жылға жоспарланған газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 1 мыңға жуық абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Оның айтуынша, газдандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, тұрмыс деңгейін арттыруға оң ықпал етеді:

«Астананың газдандырылуы экологиялық мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік береді. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етудің экологиялық маңызы зор. Мысалы, қаланың сол жағалауындағы «Шұбар» елді мекенін газдандыру қолға алынды. Жалпы, тұрғын алаптарды газға қосу жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттырып, оларды экологиялық таза әрі тиімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті қалалық мәслихат депутаты.