Үкімет: Елімізде атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар
Үкімет отырысында Энергетика министрі атом энергетикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі алғаш рет БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясына қатысушылардың 28-ші конференциясында атап өтілгенін айтты. Оның қорытындысы бойынша 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қол қойылған, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда әлемде белгіленген қуаты 374 ГВт болатын 415 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Олар жалпы әлемде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді. Құрылыс сатысында 61 реактор бар, оның ішінде тек Қытайдағысы – 27.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар екенін атап өтті. Еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1-ші орында және толық ядролық-отын цикліне ие. Халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция және Ресей) бірлесіп уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылды, оның өнімі Қытайға экспортталып жатыр.
Ақтауда 25 жыл ішінде әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор (БН-350) сәтті пайдаланылды. Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында зерттеу реакторлары жұмыс істейді, онда атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Олардың нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларында практикалық тұрғыда қолданылуында.
«АЭС құрылысы тек энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар Қазақстанды уран өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде ғана емес, атом саласындағы жоғары технологиялық шешімдерде де жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Оларға медициналық және мұнай-газ секторы үшін радиоизотоптар, жартылай өткізгіштер және жүйелік тақта өндірісі жатады. АЭС құрылысы материалдар мен жабдықтар өндірісіндегі құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бюджетке инвестициялар мен салық түсімдерінің ағынын қамтамасыз ете отырып, елдегі технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады», — деп атап өтті министр.