Әлеумет

Казиноларға салықты батыл көтерейік - Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында қосылған құн салығына байланысты пікірін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Егер ҚҚС-ты төмендетпесек, кітаптар одан сайын қымбаттайды. Ал балалар тек YouTube пен TikTok көреді. Франция, Жапония сияқты елдерде кітапқа мүлде ҚҚС салынбайды немесе үлкен жеңілдіктер бар. Бұрын соғыс кезінде адамдар от ішінен кітапты алып шығатын. Ал біз қазір сол кітапқа салық салып отырмыз. Сондықтан кітап пен балаларға арналған баспа өнімдерінен ҚҚС-ты алып тастайық»,- деді мәжіліс депутаты. 

Асхат Аймағамбетов театрлар, кітапханалар, мұражайлар мен қолөнер орындары бизнес емес екенін атап өтіп, бұл мекемелерді корпоративтік табыс салығынан босату керегін айтты. Ол сонымен қатар қазақша мультфильм шығару қымбат екенін атап өтті. 

«Бүгінде балалардың көбі басқа тілдегі TikTok пен Netflix ғана көреді. Мемлекеттік тілде контент аз. Неге?  Біздің анимациялық студиялар әр кадр үшін ҚҚС төлейді.Қазақша мультфильм шығару қымбат. Оңтүстік Корея, Польша, Франция өз анимациясын қорғайды. Бізге де сол қажет»,- деді ол. 

Мәжіліс депутаты денсаулық сақтау саласында қосымша құн салығының әсері туралы айтты. 

«Рак, диабет, сирек кездесетін аурулар — Үкімет бұл мәселеде біздің ұсынысты қолдады. Бұл — мыңдаған отбасы сезінетін маңызды қадам. Бірақ одан басқа да маңызды аурулар мен дәрілер бар. Эпилепсия, психикалық бұзылыстар, инсульттан кейінгі қалпына келу — бұлар да өмір сапасын анықтайтын жағдайлар.Бұл — ауру. Ал ауруға салық салу — әділетсіз. Қазір 10% ҚҚС өмірлік маңызды дәрілерге де салынуда. Ал бұл дегеніміз көп балалы отбасы үшін — минус азық-түлік. Инсульт алған қария үшін — минус реабилитация. Егер біз денсаулық саласында гуманистік салық саясатын бастадық десек — соңына дейін баруымыз керек»,- деді ол. 

Асхат Аймағамбетов көп елде трансжирге тыйым салынғанын айтып, елімізде оған акциз салуды ұсынды. Сонымен қатар казиноларға салықты көтеру туралы айтты. 

«Казиноларға салықты батыл көтерейік! Мұнда ешқандай дау жоқ.
20%, 30%, 50% — көтеруге болады.Өйткені әрбір ұтылған ставка — бір отбасының үміті.Бұл — бизнес емес. Бұл — үмітті жұтатын индустрия. Біздің ұсынып отырғанымыз — жеңілдік емес, әділеттілік. Салық жүйесі мұқтажға демеу болуы тиіс. Смартфон — кітаптан арзан болмауы керек. Энергетикалық сусын — судан арзан болмауы керек. Осы ұсыныстарды қолдайық»,- деді мәжіліс депутаты.