Әлеумет

Кәрімбек Құрманәлиев: Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындауға атсалысу - баршамыздың парызымыз

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Кәрімбек Құрманәлиев Жолдауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын мұқият тыңдадық. Жалпы жұртшылық Жолдаудан халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін іс-шаралар қабылданатынына үміт артатыны белгілі. Иә, ел күткендей бүгінгі Жолдауда да экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылықты арттыру  мақсатында қажет мәселелер күн тәртібіне көтерілді. Білім мен ғылым саласының өкілі ретінде, осы сала бойынша Президент көтерген бастамаларға ғана тоқталуды жөн көрдік.

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтыны жайлы бастамасы көптің көңілінен шыққанын ерекше айтар едік. Яғни, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігі күн тәртібіне көтерілгенін маңызды мәселелер қатарына қосар едік. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға мол мүмкіндік туатынын сөз еткен Мемлекет басшысы, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігіне назар аударды»,- деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Ұлттық құрылтай мүшесі елімізде педагог-мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды одан әрі жетілдіре түсу керек екенін айтты.

«Екіншіден, орта білім мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының міндеттері туралы көтерілген көкейтесті мәселерге тоқталғанда, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу керектігі баяндалғанын баса айтқымыз келеді. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екеніне екпін түсіре айтқан Президент, педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керектігі туралы тапсырмасы- көптің көңіліндегісін дөп басты. Реті келгенде, білім сапасын қамтамасыз ету бойынша Тәуелсіз эксперттер тобының басшысы ретінде, елімізде педагог- мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды одан әрі жетілдіре түсу жөн болар еді деген сараптамалық пікірімізді де айта кетуді жөн көрдік.

 Балаларды мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аудару, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісінде мемлекетпен қатар ата-аналар да жауаптылығын арттыру - мемлекеттік мәні мол мәселелер қатарында екенін қаперде ұстауға үндеген Мемлекет басшысы, білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға даңғыл жол ашылатынын атап көрсетті»,- деді ол.

Кәрімбек Құрманәлиев білім-ғылым саласы бойынша атап өткен тапсырмаларды орындауға атсалысу баршаның парызы екенін атап өтті.

«Үшіншіден, Жолдауда жоғары білімді кадрлар даярлау мәселесі көтерілді. Атап айтсақ, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігі мен болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігі туралы тапсырмалар жүктелді.

Жоғары білімді интернационалдандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанынына оң берген Мемлекет басшысы, елімізде ашылған шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орындарына мейлінше қолдау көрсетіп, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн екенін және  білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға осындай мүмкіндіктер туғызу керектігін тілге тиек етті. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайтуға көңіл бөлу керектігін тапсырды.

Төртіншіден, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін одан әрі арттыру мақсатында инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажеттігін, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруды және Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс екенін міндеттеп, келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуды тапсырды.

Жолдауда білім-ғылым саласы бойынша жоғарыда атап өткен  тапсырмаларды орындауға атсалысу - баршамыздың парызымыз»,- деді ол.