Әлеумет

ІІМ есірткі қылмыстары туралы анонимді хабарламаларға арналған телефондарды жариялады

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құрметті азаматтар! Жаңа түрдегі есірткі қауіптерінің тез таралуы мен жастарды заңсыз есірткі айналымына тартуда цифрлық арналардың қолданылуына байланысты біз қоғам ретінде балаларымызды, жақындарымызды және еліміздің болашағын қорғау үшін күшімізді біріктіруіміз қажет.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті есірткі қылмыстарын, әсіресе кәмелетке толмағандарды тарту жағдайларын анықтау, жолын кесу және алдын алу бағытында бар күш-жігерін салып жұмыс жүргізуде. Алайда бұл мәселені тек құқық қорғау органдарының күшімен шешу мүмкін емес.

Сіздерді бейжай қалмауға шақырамыз. Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударыңыздар. Заңсыз сату бойынша күдік тудыратын интернет-ресурстарға, граффити мен кодтары бар жарнамаларға мән беріңіздер.

Біз әр өңір бойынша кері байланыс үшін телефон нөмірлерін қалдырамыз. Сіз маңызды ақпаратты анонимді және қауіпсіз түрде хабарлай аласыз. Бұл қылмыстың алдын алып, біреудің өмірін құтқаруға көмектесуі мүмкін.

Кәмелетке толмағандарды есірткі ортасына тартуды азайту — бәрімізге ортақ міндет. Бейжай қалмай, белсенділік танытқан әр азаматқа алғыс білдіреміз, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.