Әлеумет

«Халықтың өкпесі қара қазандай!»: Белгілі заңгер «е-өтініш» жүйесін сынап тастады

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook-парақшасында еліміздегі «е-өтініш» жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін айтып, Президентке үндеу жолдады, деп хабарлады Elorda.info.   

 

Оның жазуынша, халықтың сенімін аяққа таптап, сандалтатын мұндай алдамшы дүние қажет емес. 

-->

 

Құрметті Президент! Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз цифрлы дамып жатқан жоқпыз, біз цифрлы күйреп жатырмыз! Ащы болса да шындық - осы!

Біз деген - естуші Үкіметпіз деп, халықтың арыз-шағымына «е-өтініш» жүйесін арнағанын қайтейін, бұны қосуға миллардтар жұмсалған да шығар, бірақ бұл жүйе мүлдем дұрыс жұмыс істемейді! Құдды бір халықты келеке-мазақ етуге, арыз-шағымдарын «допша» теуіп, сандалтып, жүйкесін жұқартуға арналған «цифрлы жүйе» дерсің! 

Жергілікті жерлердегі қаншама халық осыған сенім артып, арыз-шағымын жазып, күн санап жауап күтіп отырады.

Жоғары жақтан жауап күтсең, «төменгі органға тастадық» деген еш ақылға қонбайтын ұғынықсыз хат аласың. Отыз күн сарыла күткен шағымдарыңа ресми түгел, тіпті мардымды жауап та берілмейді!

Жергілікті жердің жауабына қанағаттанбай, олардың заңсыз іс-әрекеттері мен салғырттығы жөнінде жоғары жаққа жазсаң, қайтадан «жергілікті жерге жібердік» деген мазаққа толы жауапты аласың! Ал мұндағылар тіпті басынып, заңды да басқаны да сырып тастап, жауап жібермей, тығып қояды. Бұл не деген бассыздық? Не деген басынушылық? Халыққа деген не мазағы? Ал орындалу мерзімі өткелі тұрған хаттарға «Орындалды» деген батырманы басып, жауып қоя салады. Бірақ ешқандайда да жауап жоқ, тіпті жауап-хаттарын жүктемейді де! 

Заңсыздығына қатысты мекеме бастығының үстінен шағымдансаң, сол шағымда алып сол басшының өзіне «е-өтініш» арқылы бере салады. Ал енді сұрақ: Ол өз-өзін қалай тексеріп, қалай «кінәлімін» деп, өзіне шара көре алады?  Біздің елде осылай жасаған бастықты көрдіңіздер ме? Бәрінен бұрын, бұған құзіреті бар ма? Заң қайда қалды? Бірақ, біздегі шен тағып форма киген бастықтардан өз-өзін тексеріп: «ешқандай заңсыздық анықталған жоқ» деген сорақы жауап та берілді! – деп жазды қоғам белсендісі.

Оның жазуынша, халықтың сенімін аяққа таптап, сандалтатын мұндай алдамшы дүние қажет емес. 

Сонда біздің мемлекетімізге халықтың үміт-сенімімен допша ойнап, аяққа таптайтын, сандалтатын бұндай алдамшы жүйе не үшін қажет? Цифрлы болғанымыз осы ма? Бұл жүйені «қадағалайды» деген Бас прокуратура, тіпті «115»-тері тұтқаны да көтермейді, керек десең жауап бермей қоя салады. 
Мысалы ретінде бүгінгі күнмен соққан қоңырауымды тексерсеңіздер болады.
Халықтың E-өтініш жүйесіне  өкпесі қара қазандай! Адам құқықтары қашан қорғалады? Заң қашан жұмыс істейді?

Құрметті Президент!
Халық Ақ ордаға арыздарын арқалап бармас үшін, Азаматтық қоғамның үнін еститін құзыретті аппарат дұрыс әрі жүйелі жұмыс істеуі керек! Халықтың үміті мен сенімі сөніп барады… - деп жазды заңгер.