Халықты баспанамен қамту: өңірлердегі қазіргі жағдай қалай
Жеке баспананың болуы жанұяға, оның әрбір мүшесіне жайлылық сыйлап, халықтың өмір сапасын арттырады, ал мемлекет үшін ол әлеуметтік теңдік пен қоғам тыныштығының басты кепілі. Қазақстанда тұрғын үймен қамтылу деңгейі жан басына шаққанда 24,5 шаршы метрді құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 2,5%-ға жоғары, алайда әлі де БҰҰ белгілеген жан басына шаққандағы 30 шаршы метрден әлдеқайда аз, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Негізінен Қазақстан өңірлерінің ішінде тек Астана мен Алматы қалалары тұрғын үймен қажетті деңгейде қамтылған: жан басына шаққанда — 32,3 шаршы метр және 30,6 шаршы метр. Ал Маңғыстау облысы бұл көрсеткішке жақындап қалды, жан басына шаққанда — 29,2 шаршы метр.
Бұл орайда ең төмен көрсеткіш Жамбыл (жан басына шаққанда небәрі 18,8 шаршы метр) және Жетісу (19,9 шаршы метр) облыстарында тіркелді. Сондай-ақ аутсайдерлер қатарында Абай және Түркістан облыстары бар.
Жалпы, Қазақстанда халықты өзіне тиесілі меншік баспанамен қамтамасыз ету бағытында түрлі шаралар қолға алынуда. Бұл саладағы негізгі даму институты — тұрғын үй жинақ жүйесіне маманданған Отбасы банкі. Аталған қаржы институтында жалпы республикалық бағдарламалардан бөлек, өңірлік тұрғын үй бағдарламалары да жүзеге асырылып жатыр, бұл туралы алда толығырақ тоқталамыз.
Енді тұрғын үйлерді пайдалануға беру тақырыбын қарастырайық, бұл бағытта өңірлердегі жағдай қалай? Ең үздік көрсеткіш қос астанамызда тіркелді: Астанада биылғы қаңтар–шілде аралығында — 2,2 млн шаршы метр (немесе әрбір мың адамға 1,4 мың шаршы метр), ал Алматыда — 1,6 млн шаршы метр (немесе мың адамға 686,7 шаршы метр). Қос астанада баспанамен қамтылу деңгейі бұрыннан-ақ жоғары.
Тұрғын үймен қамтылу көрсеткіші ең төмен болған Жамбыл облысы тұрғын үйді пайдалануға беруде жақсы қарқын көрсетуде: көрсеткіш жеті айдың ішінде 366,4 мың шаршы метрге немесе әрбір мың адамға шаққанда 300 шаршы метрге жетті.
Ал Жетісу облысы бұл жерде де аутсайдерлер қатарында: өңірде әрбір мың адамға небәрі 211,5 ш. м. тұрғын үй пайдалануға берілген (бұл — ҚР бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі), ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 146,5 мың шаршы метрді құрайды. Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында да нашар көрсеткіш байқалды. Толығырақ мәлімет ақпараттық кестеде берілген.
Отбасы банкінің дәл осы Жетісу облысында әкімдікпен бірлесіп жаңа «Маман» тұрғын үй бағдарламасын іске қосуы тегін емес. Бұл бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, энергетика, БАҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, туризм саласында және саяси партия филиалдарының аппаратында еңбек ететін қызметкерлерге арналған. Бағдарламаның мақсаты — әлеуметтік және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту және мамандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. «Маман» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 20 млн теңгеге дейінгі қарыз беріледі: алғашқы жарнасы 10%-ды құрайды, мөлшерлемесі — жылдық 5% (СЖТМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін), бағдарламаның аясында Жетісу облысы аумағында бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді, сондай-ақ жер телімі бар жеке үйлерді сатып алу мүмкіндігі бар.
Бұдан бөлек, биыл өңірде жастарға арналған «Жетісу жастары» және аудан мен облыстың ауылдық округ тұрғындарына арналған «Жерұйық» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Айтпақшы, бұған дейін аталған Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша қарыз алу мүмкіндігі болған, бағдарламаның атауынан-ақ көрініп тұрғандай, ол өңір жастарына арналған.
Тағы бір айта кетерлігі, қыркүйектің 12-сіне дейін тағы бір оңтүстік өңірде — Алматы облысында «Алатау» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылданды. Бағдарлама әлеуметтік сала жұмыскерлеріне және мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Оны жүзеге асыруға банк пен облыс әкімдігі тарапынан 3,8 млн теңге бөлінді. Қатысушылар 30 млн теңгеге дейін қарыз ала алды: алғашқы жарнасы 10%-ды құрады, мөлшерлемесі — жылдық 5% (СЖТМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Бағдарламаның аясында баспананы тек Алматы облысы аумағында бастапқы нарықтан сатып алуға рұқсат етілді.
Жалпы, өңірлік бағдарламалар әр облыстың ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленеді, белгілі бір аймақтардағы тұрғын үйге деген жоғары сұранысты қамтиды және Қазақстандағы тұрғын үй саласының үйлесімді дамуына ықпал етеді. Биыл мұндай бастамалар Астана мен Алматыда, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылды.