Әлеумет

Францияда қазақ тілін үйренуге қызығушылық артып келеді

Шетелде қазақ тілді ілгерілету шеңберінде Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Ұлттық шығыс тілдері және өркениеттер институтына (INALCO) қазақ тілі оқулықтарын, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөніндегі басқа да материалдарды сыйға тартты. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, «INALCO» университетінің президенті Жан-Франсуа Юше және профессоры, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеуші Катрин Пужоль, сондай-ақ Ұлттық тілдер және өркениет кітапханасының (BULAC) өкілдері және осы оқу орнында қазақ тілін оқып жүрген студенттер қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі «INALCO» және «BULAC» басшылығына 2023 жылдан бастап қазақ тілін үйрену бағдарламасын қайта енгізуге қолғабыс көрсеткені үшін алғысын білдірді. Елші мемлекеттік тіл бойынша оқу материалдарын тапсыру екіжақты байланыстарды нығайтудағы, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени алмасуды ілгерілетудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

Сонымен қатар қазақ дипломаттары іс-шараға қатысушыларды «Отандастар» қоры ұйымдастыратын шетел азаматтары үшін қазақ тілін оқыту бойынша онлайн-курстар, «Абай институты» мобильдік қосымшасы және «Bilimland» платформасы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, олар тілді үйрену үшін тегін ресурс ретінде ұсынылады.

Өз кезегінде «INALCO» президенті тапсырылған оқу-әдістемелік материалдар қазақ диаспорасының өкілі Құралай Қалиева университетте оқытатын еліміздің тарихын, мәдениетін және қазақ тілін тереңірек зерттеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу соңында қатысушылар екі ел арасындағы тілдік және мәдени алмасуды кеңейту жоспарларын талқылады. Сондай-ақ «BULAC» өкілдері кітапхана мұрағатын қазақ тіліндегі кітаптар жинағымен толықтыруға қызығушылық білдірді. Мәдени байланыстарды қолдау белгісі ретінде Гиме Азия өнер мұражайында өтіп жатқан «Қазақстан: Ұлы Дала қазынасы» көрмесіне бару ұсынылды.

«BULAC» – тілдер мен өркениеттерді зерттеуге бағытталған және 1991 жылы құрылған университет кітапханасы. Францияның жеті ірі жоғары оқу орындарының, «Inalco» қоса алғанда, бірегей кітаптарының, оқу құралдарының, тарихи құжаттарының және артефактілерінің жинақтарын біріктіреді.