Әлеумет

Энергетика министрлігі жылу беру маусымына қанша тонна көмір мен мазут дайындалғанын хабарлады

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның алдағы жылу беру маусымына дайындығы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады. Бұл туралы Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Жылу беру маусымы Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында басталып кетті. Ауа-райы жағдайына байланысты батыс және оңтүстік өңірлерде қазан айының ортасынан бастап жылу беріледі деп жоспарлануда.

Энергетика министрінің айтуынша, электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес 5 энергия блокта, 32 қазандықта, 28 турбинада жөндеу жұмысы аяқталды. Жөндеу жұмыстары 4 энергия блокта, 23 қазандықта және 16 турбинада  әр түрлі кезеңде жүргізіліп жатыр.

Электр желілері бойынша 19,9 мың км электр беру желілері, 376 қосалқы стансалар және 4 046 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді.

Министрлік алдағы жылу беру маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін:

- электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді;

- қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды.    

2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды өткен жылдың деңгейінен 44%-ға арттырып, 327 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жылу беру маусымына арналған қоймаларда нормативтерге сәйкес 5,2 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут жинақталған.

Министрлік өңірлер бойынша бірқатар ағымдағы мәселелерді бақылауда ұстайды.