Әлеумет

Елордада үкіметтік емес ұйымдар өкілдері іс-тәжірибелерін бөлісті

Aстанада үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыруға арналған іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астанадағы ҮЕҰ-ның шешім қабылдау процесіне тиімді қатысуы: мүмкіндіктер мен тетіктер» тақырыбында өткен жиынға «Астана Онлайн» диалог алаңы жетекшісі, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсебек Әділхан, BasQaru қоры басшысы Марғұлан Ермағанбетұлы сынды ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Спикерлер мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнату жолдары жайлы айтып, өздерінің тәжірибелерін бөлісті.

Сонымен қатар жиында қоғамдық кеңестер мен тыңдауларға қатысу тәжірибесі, азаматтық бастамаларды қолдау тетіктері, халықаралық және жергілікті тәжірибе туралы айтылды.

«Астанадағы үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтардың пікірін жеткізетін маңызды алаң болып отыр. Дегенмен шешім қабылдау процесіне олардың қатысуы әлі де жүйелі сипатқа ие емес. Қоғамдық түрлі кеңеске қатысу мүмкіндігі бар болғанымен, ұсыныстың барлығы ескерілмейді немесе формальды деңгейде қалып қояды. ҮЕҰ-ның әлеуетін мемлекеттік органдар жеткілікті пайдаланбайды. Ал керісінше, ұйымдардың өздері құқықтық тетіктерді толық білмей жатады», - деді ҮЕҰ өкілі.

Спикердің сөзінше, диалог пен кері байланыстың әлсіздігі, қатысу механизмдерінің ашықтығы мен тиімділігінің жеткіліксіздігі әлі де күн тәртібінен түспей тұр.

«Сондай-ақ жастар мен жаңа ұйымдардың шешім қабылдау процесіне тартылуы бәсең. Осыған байланысты ҮЕҰ-ның тиімді қатысуы үшін нақты құқықтық және институционалдық тетіктерді жетілдіру, серіктестік мәдениетін дамыту және халықаралық тәжірибені енгізу өзекті болып отыр», - дейді ҮЕҰ өкілі.