Әлеумет

Елнұр Бейсенбаев: Елімізде ауыл тұрғындарының жалақысы қалаға қарағанда екі есеге аз

Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында  «AMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар бар екені анық. Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн теңге, ал биыл тағы 5,3 трлн теңге жұмсалған. Яғни бюджеттің 25 пайызын Ұлттық қор арқылы толтырудамыз. Екінші мәселе – азық-түлік бағасы. Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады, ал шыныменде биыл 1 картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, келісі 500 теңге болды.  Сондай-ақ елімізде дәл қазір 3 млн адам небәрі 200 мың теңге жалақы алса, 1 млн 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр»,- деді Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты ауыл тұрғандарының жағдайына да тоқталып өтті. 

«Үшінші мәселе – еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші. Бұл көрсеткіш соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Елімізде еңбекке қабілетті шамамен 10 млн адамның небәрі 5,5 млн ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар зейнетақы қорына бірде-бір тиын жинамаған 3,5 млн адам, әлеуметтік медициналық сақтандырудан тыс қалған 3 млн адам, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген  2,5 млн адам бар. Біз келтірген мәліметтердің артында тұрақты жұмыс таба алмай жүрген миллиондаған адамның тағдары тұр. Елімізде ауыл тұрғындарының табысы қала тұрғындарымен салыстырғанда екі есеге аз. Сондай-ақ 85 мың жалақы алатындардың 1,2 миллионы ауыл тұрғандары. Әлі күнге дейін 200-ден астам ауылда емдеу мекемелері салынбаған. Ал медициналық нысандардың тозуы 55 пайызды құрайды. Жедел-жәрдем көліктерінің 80 пайызы жүруге жарамсыз»,- деді ол.