Әлеумет

Еліміздің қай аймағында некеге жиі тұрады

Өткен жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелді. Заңды некеге тұрғандардың дені Астана қаласынан болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. 

«Өткен жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелді. 1000 адамға шаққандағы жалпы некелесу коэффициенті – 6,13. Некенің ең жоғары коэффициенті Астанада – 7,34, Алматы облысында – 6,98 және Ұлытау облысында – 6,70. Ең азы-Батыс Қазақстан облысында, ондағы көрсеткіш 5,58 құрады» - делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметте.

Былтыр үйленгендердің басым бөлігі 20-24 жас аралығында болған. Ал алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлерде – 27,9 жас, әйелдерде – 25,2 жас болған. Жалпы қиылған некенің 18,2 пайызы – аралас неке.

Некеге тұрған қыздардың 41 пайызы, ерлердің 38 пайызы жоғары білімді болған.

Айлар бөлінісінде ең көп неке шілде айында тіркелген – 13 739, ең азы – мамырда (8453).