Әлеумет

Еліміздегі мүгедектігі бар адамдар 687 мыңға жуық қызмет алды

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар 687 мыңға жуық қызмет алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 597,2 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,4 мың – ымдау тілі қызметін, 26 мың – жеке көмекшінің, 55,3 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алған.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні порталда 898 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 784 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 755 ымдау тілі және 125 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған, - делінген министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.