Елімізде әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері мен жобалары анықталады
Елімізде «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, байқау халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген көрнекті мамандар мен инновациялық бастамаларды анықтау және ынталандыруға бағытталған.
Негізгі мақсат – әлеуметтік қызметкерлер мамандығының беделін арттыру, озық тәжірибені енгізуді ынталандыру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы озық тәжірибені тарату.
Байқау әлеуметтік жұмыстың негізгі бағыттарын қамтитын жеті номинация бойынша өткізіледі:
- «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»;
- «Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері»;
- «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
- «Үздік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкері»;
- «Үздік әлеуметтік педагог» (арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде);
- «Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығы) үздік қызметкері»;
- «Үздік әлеуметтік жоба».
Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар конкурстық өтінімді, презентация материалдарын және жұмыстары немесе жобасы туралы қысқаша бейнероликті дайындауы керек.
Өтінімдерді 2025 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында www.qamqor.enbek.kz онлайн платформасы арқылы беруге болады.
Байқау екі кезеңде өтеді: облыстық және республикалық. Арнайы комиссия ашықтық пен объективтілік қағидаттарын сақтай отырып, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Сонымен қатар, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, платформада қоғамдық онлайн дауыс беру жүргізіледі. Оның нәтижелері жеңімпаздарды таңдау кезінде ескеріледі.
Сонымен қатар, байқау аясында «Әлеуметтік қызметкердің бір күні», «Мейірім шуағы», «Әлеуметтік идея» және «Әлеуметтік қызметкерге алғыс» тақырыптарында #Әлеуметтікфлешмоб, #СоциальныйФлешмоб біртұтас хэштегімен бірқатар әлеуметтік челлендждер жүргізіледі.
Байқау нәтижелері Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында – 2025 жылғы 24 қазанда Астана қаласында өтетін марапаттау рәсімінде жарияланады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық мүдделі мамандар мен ұйымдарды байқауға белсенді қатысуға, өз жетістіктерін көрсетуге және еліміздің әлеуметтік саласының дамуына үлес қосуға шақырады.
Байқауға қатысу бойынша кеңес алу үшін 1414 телефоны бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді.
Толық ақпаратты www.qamqor.enbek.kz сайтынан алуға болады.