Әлеумет

Елімізде кәмелетке толмаған 75 жасөспірім жазасын өтеп жатыр

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев жаңа заң бойынша қанша жасөспірім рақымшылыққа ілігетінін сұрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінгі таңда қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде кәмелетке толмаған қанша сотталғандар бар және олардың қаншасы рақымшылыққа ілігеді? Бәрімізге белгілі, соңғы рақымшылық Тәуелсіздіктің 30 жылдығы орай болды. Сол кездегі рақымшылыққа іліккен азаматтардың қаншасы қазір қайтадан қылмыс жасады?»,- деді депутат. 

Бұл сауалға  Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков жауап берді. 

«Қазіргі таңда кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстау орындарында 75 бала жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 70-сі –ұл, 5-уі – қыз бала. Осы сотталғандардың ішінде 4 жасөспірім рақымшылыққа ілігеді, мерзімдері қысқартылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта қылмыстық  атқару жүйесі мекемелерінде бұрын рақымшылыққа ілігіп,  қайта қылмыс жасаған сотталғандардың саны 2 мыңнан асады. Олардың ішінде биыл рақымшылық заңына ілігетін 30-дан астам адам бар»,- деді Абай Қайырбеков.