Елімізде баласын дұрыс тәрбиелемеген 3 мың ата-ана анықталды
10 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – балаларды қауіпті жағдайлардан қорғау, дер кезінде көмек көрсету және құқық бұзушылыққа итермелеуі мүмкін себептер мен жағдайлардың алдын алу, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында полиция бөлімдеріне 23,5 мың жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 124-і – қылмыс жасағаны үшін, 18,5 мыңнан астамы – әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін. Әрқайсысына құқықтық бағамен қатар, профилактикалық қолдау көрсетілді.
«5 200-ден астам қараусыз қалған бала анықталып, қауіпсіз орындарға орналастырылды. 853 жасөспірім бейімдеу орталықтарына жіберіліп, әлеуметтік және психологиялық көмек алды. Іс-шара аясында 26 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 3 мыңы – баласын дұрыс тәрбиелемеген ата-аналарға қатысты», - деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
ІІМ қызметкерінің сөзінше, ауыр зардаптардың алдын алу бойынша шаралар қабылданды. 532 ұсақ бұзақылық дер кезінде тоқтатылды, 344 рет кәмелетке толмағандарға алкоголь сатпақ болған жағдай анықталды. 20 мыңға жуық бала түнгі уақытта үйден тыс, оның ішінде ойын-сауық орындарында жүргені анықталды.
Сонымен қатар қауіпті заттар, есірткі және қару тәркіленді. Бұл – уақытылы қабылданған шаралар бірқатар қайғылы жағдайдың алдын алғанын көрсетеді.
954 жасөспірім мен 815 ата-ана профилактикалық есепке алынды. Олармен қосымша әлеуметтік-тәрбиелік жұмыс жүргізіледі.
Мектептерде 6 200-ден астам жасырын сауалнама жүргізілді.
64 девиантты мінез-құлық байқалған жасөспірім анықталып, бақылауға алынды, мамандардың қолдауына ие болды.
20 мыңнан астам құқықтық дәріс пен профилактикалық кездесу өткізілді.
Ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылды. Балаларға қауіп төндіретін 4 300-ден астам интернет-контент бұғатталды.
Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін әкімдіктерге 367 ұсыныс-хат жолданды.