Әлеумет

Елімізде Қарттар күніне арналған «Мейірімділік апталығы» басталды

23 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Қарттар күніне арналған үшінші «Мейірімділік апталығы» өтеді. Бұл туралы Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 9 шілдеден бастап Қазақстанда мұқтаж жандарға көмек көрсетуге әрбір қазақстандықтың жеке қатысуы арқылы қайырымдылық және волонтерлік мәдениетін дамытуға бағытталған «Игі істер марафоны» жобасы басталды.

Сондай-ақ, www.qazvolunteer.kz платформасында «Мейірімділік көрсеткіші» тетігі орналастырылды. Ол «игі істердің» жалпы санын есептейді.

Бүгінгі таңда қазақстандықтар 2045 игі іс жасаған. Жалпы, іс-шараларға ел бойынша 24 мыңға жуық адам қатысты.

Марафон 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Желтоқсан айында белсенді қатысушыларды «Ең мейірімді өңір», «Ең мейірімді ұжым», «Ең мейірімді оқу орны», «Ең мейірімді ауыл» секілді 10 номинация, соның ішінде марафонды ақпараттандыруға белсенді қатысқан БАҚ өкілдері үшін де арнайы номинация бойынша салтанатты марапаттау рәсімін өткізу жоспарлануда.

«Игі істер марафоны» жобасына қатысу үшін толық ақпаратты www.qazvolunteer.kz сайтынан алуға болады.