Елімізде 13,6 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 584 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 377,6 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,5 пайызы.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 052 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 296 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 281 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 263 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 975 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 945 адам, Үндістан – 1 169 адам, Түркия – 1 165 адам, Өзбекстан – 1 056 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2%, 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.