Әлеумет

Елде 15 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен ел аумағында 15 054  шетел азаматы еңбек ететінін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 348 рұқсат (екінші санат). Шетел жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 980 және 1 052 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 099 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 4 015  адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 909 жұмыс беруші бар.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 929 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 140 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 240 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 122 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 545 адам, Өзбекстан – 2 696 адам, Түркия – 1 076 адам, Үндістан – 1 052 адам.