Әлеумет

«Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңі басталды

Қазақстанда «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, байқау аясында Қазақстандағы үздік өндіріс қызметкерлері мен еңбек әулеттері анықталады.

Бұл конкурс өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Байқау жыл сайын екі кезеңде – облыстық және республикалық деңгейде, үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет таңдалады; «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады; «Өндірістің үздік жас маманы» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады.

Байқаудың облыстық кезеңі ағымдағы жылдың шілде айында аяқталды. Биыл жергілікті атқарушы органдар 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан 505 өтінішті қабылдады. Барлық үш номинация бойынша «Еңбек жолының» республикалық кезеңінде өз өңірлерін қорғайтын 60 жеңімпаз іріктелді.

Байқау жеңімпаздарын құрамына ведомство өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, әлеуметтік серіктестіктер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ және Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының өкілдері кіретін ЕХӘҚМ жанындағы республикалық комиссия анықтайды.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың желтоқсан айында Жұмысшы мамандықтары жылының жабылуына арналған шарада өтеді деп жоспарлануда.