Әлеумет

«Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы шықты

«Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңінің «Үздік еңбек әулеттері» номинациясы бойынша 20 жеңімпаздың жалпы еңбек өтілі 3 934 жылды құрады. Кейбір аймақтардан келген еңбек әулеттері бір салада бірнеше жүз жыл бойы еңбек етіп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ең ұзақ еңбек өтілі Шығыс Қазақстан облысындағы Дёминдер отбасында анықталды. Әулеттің негізін қалаушы – 1908 жылы туған, көпбалалы отбасынан шыққан Михаил Дёмин. Михаил Дёмин және оның балалары «Казцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешенінде өндірісте жұмыс істеп келген. Олардың көбі осы жерден зейнеткерлікке шығып, балалары, немерелері мен шөберелері – 4 ұрпақ – серіктестіктің әртүрлі бөлімшелерінде еңбек етуде. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 650 жыл.

2 әулеттің 300 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Осылайша Қарағанды ​​облысынан шыққан Волокитиндер отбасы көмір өнеркәсібінде 350 жылдан астам бірлескен тәжірибе жинақтады. Әулет 1950 жылдардан бастап үш ұрпақты қамтиды. 12 отбасы мүшесі В.И. Ленин атындағы, Долинская, Казахстанская шахталарында электрослесарлар, орнатушылар, кеншілер, табельщиктер, қауіпсіздік диспетчерлері, тау-кен шеберлері сияқты негізгі мамандықтар бойынша еңбек еткен.

Түркістан облысынан келген Дербисовтер отбасы еңбек жолын Қазақстан темір жолының дамуына арнап, саланың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосты. Дәстүрді, еңбек тәртібін, жоғары жауапкершілікті сақтап, бүгінде немерелері сол салада еңбек етуде. Олардың жалпы еңбек өтілі 340 жылды құрайды.

6 әулеттің әрқайсысының 200 жылдан астам еңбек ету тарихы бар. Маңғыстау облысынан Көктеубаевтар әулеті (252 жыл) мен Абай облысынан Әділхановтар әулеті (233 жыл) теміржол саласында еңбек етеді, Қостанай облысындағы Сазоновтар әулеті (225 жыл) – кен байыту өндірісінде жұмыс істейді, Батыс Қазақстан облысынан Тасқалиевтер әулеті (222 жыл) – кәсіби жүргізушілер болса, Алматы қаласынан Безрук әулеті (211 жыл) – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында еңбек етеді, ал Ұлытау облысынан Мұсабековтер әулеті (205 жыл) – теміржолда машинист болып жұмыс істейді.

Тағы алты әулеттің еңбек өтілі 100 жылдан асады. Атырау облысындағы Шандиевтер әулеті 186 жыл бойы мұнай өңдеу саласында еңбек етіп келеді. Астана қаласындағы Бурлиновтер әулеті еңбек жолының 178 жылын теміржол саласына арнаған. Дәл осы салада Ақмола облысынан Левковскийлер (Филиппенковтер) әулеті 171 жыл еңбек етіп келеді. Ақтөбе облысындағы Бикеевтер әулеті 156 жыл бойы мұнай өндірумен айналысуда, Павлодар облысынан Гилевтер әулеті алюминий өнеркәсібінде 132 жыл жұмыс істесе, Жамбыл облысындағы Ариповтар әулеті білім беру саласында 109 жыл аянбай еңбек еткен.

100 жылдан аз еңбек өтілімен 5 әулет қатысты. Жетісу облысынан Ерғосаевтар әулеті 89 жыл бойы білім беру саласында еңбек етіп жатса, Қызылорда облысындағы Арыстанбаевтар (89 жыл) мен Алматы облысынан Абдурахмановтар (61 жыл) – ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Зуевтер әулеті – 38 жыл жалпы еңбек өтілімен жүргізуші болып еңбек етуде. Шымкент қаласынан Абдурахмоновтар әулеті (37 жыл) мұнай өңдеу саласында қызмет атқарады.

Еске сала кетейік, «Еңбек жолы» байқауы өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Байқау жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеттері» – ең көп мүшесі бар, ең ұзақ жалпы еңбек өтіліне ие, марапаттары ең көп еңбек әулеті таңдалады; «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» – байқауға құжат тапсырған сәтте кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар, ең мықты деген тәлімгерлер іріктеледі; «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, өндірісте белсенді және еңбекқор жас маман таңдалады.

Байқаудың өңірлік кезеңі осы жылдың шілде айында аяқталды. Биыл жергілікті атқарушы органдардан байқауға қатысу үшін республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыстан барлығы 505 өтінім қабылданды. Үш номинацияның әрқайсысы бойынша 60 жеңімпаз анықталып, олар республикалық кезеңде өз өңірлерінің намысын қорғайды.

Байқау жеңімпаздарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына ведомство өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ және Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының өкілдері кіреді.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Жұмысшы кәсіптер жылының жабылуына арналған іс-шара аясында биыл желтоқсан айында өткізіледі.