Әлеумет

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды скринингтік тексеруден өтуге шақырды

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды жыл сайын скринингтік зерттеп-қараудан өтуге шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.

Сонымен қатар осы жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкоскринингтер барлығына қолжетімді.

«Зерттеп-қараулар жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі, жатыр мойны мен ішектің обырын, В және С вирустық гепатиттерін, цереброваскулярлық бұзылуларды және басқа да қауіпті патологияларды ерте анықтауға бағытталған. Жас санаттары мен жиілігін дәрігер медициналық стандарттарға сәйкес анықтайды.

Сіз өзіңіздің емханаңызда жеке куәлігіңіз көрсету арқылы скринингтен өте аласыз. Тіркелу, call-орталық немесе «Дамумед» мобилдік қосымшасы арқылы жазылуға болады», - делінген хабарламада.

Көбінесе учаскелік дәрігерлер немесе мейіргерлер жас және басқа өлшемшарттар бойынша тізімдер жасай отырып, бекітілген халықты өздері шақырады.

Скринингтен кім және қашан өтеді?

- жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;

- эндокриндік аурулар: қант диабеті – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;

- көру ағзаларының аурулары: глаукома – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;

- онкологиялық аурулар: сүт безі обыры – 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер; жатыр мойны обыры – 30 бен 74 жас аралығындағы әйелдер; колоректалдық обыр – 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;

- вирустық инфекциялар: В және С вирустық гепатиті – медицина қызметкерлері; жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін пациенттер; гемодиализ, гематология, онкология, транспланттау, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері; ағзаларды, тіндерді, жасушаларды гемотрансфузия және транспланттау жүргізілетін адамдар; жүкті әйелдер;

- цереброваскулярлық бұзылулар – 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар.

Азаматтарды тексеру тіпті ешқандай белгілер болмаған жағдайда да – тек олардың денсаулығына сенімді болу үшін қажет.